Оралханның дуалы сөз

Бүгін — Алтайдың мұзбалағы атанған атақты жазушы, драматург Оралхан Бөкей ағамыздың туған күні.
Қазақ әдебиетіне қайталанбас қолтаңбасын қалдырған, аз ғана ғұмырында мол мұра жазған Оралхан ағамызды сағынышпен еске аламыз. Елу жасқа толар-толмаста дүниеден озған қаламгердің артында өшпес сөзі, өлмес шығармалары қалды.
Оралханның туған жері — Алтайдың сұлу төрі. Шыңғыстай ауылы.
Бөкей ақсақалдың үйі бізбен көршілес, Бұқтырма өзенінің жағасында болған. Кейін өзен тасып, жарды құлатып, ауылға жақындай берген соң, үйлерін ауылдың жоғарғы жағына көшіріп апарып салды.
Менің үлкен ағам Нұрлан мен Оралхан бастауыш мектептен бірге оқып, бір сыныпта білім алған. Балалық шақтан бірге өскен екі дос жастық шақта да жұбын жазбай, бір-біріне дос- сырлас болыпты.
Оралхан ағамыз Айман жеңгемізге үйленгенде, Нұрлан ағам күйеу жолдас болған екен...
Бұл оқиға, бір оқиға 1962 жылдың маусым айында болған. Екеуі де, ол кезде небәрі он тоғыз жастағы жігіттер.
Екі үйдің ортасында үлкен бір түйетас болыпты. Балалықтан бірге өскен екі дос сол тастың үстіне отырып, талай әңгіме айтып, сыр бөліскен екен.
Бір күні тағы да сол жерде кездеседі.
Оралхан досына қарап:
— Не болды, көңіл-хошың болмай тұр ғой? Ұнжырғаң түсіп кетіпті, — дейді.
Нұрлан күрсініп:
— Иә... Тәтем босанды. Алтыншы қыз бала дүниеге келді. «Мүмкін, бұл жолы ұл болар» деп үміттеніп едім.. — деп көңілсіз отырғанын айтады.
Сонда Оралхан біраз ойланып:
— Мен бір жерден оқығаным бар..! Сендердің үйлеріңдегі қыздардың бәрінің есімдері «К» дыбысынан басталады екен. Енді осы туған қызға ерекше ат қойсаңдар, артынан ұл туады! — депті. Есімін Венера, деп қойыңдар, деген ғой.
«Оралхан ағамның дуалы ауызынан шыққан сөздің арқасы ма екен, әйтеуір, сол Венерадан кейін Елжан деген адам өмірге келіп, бүгінге дейін ғұмыр кешіп келеді...»
Бәлкім, бұл — тағдырдың жазуы шығар.
Бәлкім, Оралханның жүрегінен шыққан ақ тілегінің қабыл болғаны шығар.
Қалай болғанда да, мен үшін бұл — жай ғана әңгіме емес, Оралхан Бөкейдің өз аузынан жеткен, өз өміріммен сабақтасып кеткен ең қымбат естеліктердің бірі.
Қазақтан сөз қалған ба, мынандай да мақал бар екенін жаңа біліп жатырмын; " Ұлдың атын ұйқас қой, қыздың атын қиғаш қой"...(Қыздар туа берсе осындай амал істе)-дегені ғой.
Сөз құдіреті деген осы болар!
Алтайдың мұзбалағы бүгін арамызда жоқ.
Бірақ оның сөзі бар.
Оның шығармалары бар.
Оның жүректерде сақталған естеліктері бар.
Сол естеліктердің бірінде — он тоғыз жасар Оралхан мен Нұрланның түйетас үстінде сырласқан бейнесі, ал сол әңгіменің жалғасында — Елжанның өмірге келуі бар.
Туған күніңіз құтты болсын, Оралхан аға!
Алтайдың мұзбалағы,
Қазақтың мұзарт тұлғасы.


Елжан Сейтенұлы. АСТАНА 28.09.26