Әзілің жарасса...
- Осы сенің кейбір әңгімелеріңнің соңы түсініксіздеу аяқталатыны қалай? – деп сұрайды.
- Жаңа, модный нәрсенің бәрі түсініксіздеу болады ғой, - депті.
- Ореке, не жаңалық?
Құраст. М.Ниязбеков. - Алматы: Өнер, 1993. - 64 б.
- Ақселеу, осы біздің Серік баяғы сол бұрынғы үйінде тұра ма екен? – деп сұрайды.
- Ай, жігіттер-ай, сендерді шақырайын деп дайындаған дүниемді бірде қайын жұрт жағы келіп, бірде ауылдастар, енді бірде мәскеулік қонақтар келіп... сарқып кетеді. Осы сендердің ауыздарыңның салымы жоқ! – дейді ақталғандай болып.
- Серікжан, үйіңе шақырмасаң шақырмай-ақ қой, бірақ достарыңның аузына тимеші! – депті.
- Шәке, біз сізді коммунист деп ойлаушы едік. Енді, міне, молда боп кеттіңіз. Осы екеуінің қайсысы шындық? – деп әзіл-шыны аралас сұрақ қояды.
- Екеуі де шындық, шырағым. Менің коммунистігім бергі жағында еді де, молдалығым арғы жағында – тереңде шөгіп жатқан болатын, - деп жауап беріпті.
- Әй, сендердің мына түрлерің жаман екен. «Жеті жетімдеріңе» мені қабылдамай-ақ қойыңдаршы! – деп әзілдепті.
***
«Ләухилар» – катондықтардың төл сөзі
Бірде Орекеңнің үйіне барсам, Айман екеуі жарыса жүгірісіп, дастарқан жайып, қызу даярлық үстінде екен.
– Бұл не той? – деймін.
– Ә, бүгін біздің бір топ ләухиларды шақырып едік, соның қамы ғой. Жақсы келдің, бірге бол.
– Алдымен «ләухилар» дегенің кімдер екенін айтшы.
– Ешкімге айтпа, әйтпесе бұл сөзді жұрт жаппай пайдаланып кетеді, – деді сыбырлай үн қатып. «Ләухи» деген катондықтардың ғана төл сөзі. Ол шақырмасаң келмейтін, өздері келіп сәлем бермейтін інілерім мен шақырмасаң, шақыруды білмейтін, өзің әу демесең, көзіне ілмейтін жерлес-замандастарыма арналған атау ғой» деп жымыңдады.
***
«Ешкімүйізді ұмытатын не жөніміз бар еді»
«Лениншіл жаста» жүрген кез. Үлкен бір бөлмеде кемі жеті-сегізіміз отырамыз. Жұмыс сәл саябыр тапқанда қысыр әңгіменің тығыны ағытылады.
Бірде төрде отырған Әнес Сараев Атырау маңында өсімдіктердің сан түрі өсетінін айтып қалды. Оны жерлесі Кемелхан Ақмырзаев қолдады.
– Батыс жақ тым шөлейттеу ғой, өсімдігі біздің Алтай мен Сауырдан көп бола қоймас, – деп Орекең дау айтты. Өнімсіз дау тұтанып жүре берсін. Содан кейін өсімдік атауларын тізіп, әрқайсысы өз сөздерін іс жүзінде дәлелдемек болды. Бір жағында батыстық Әнес пен Кемелхан, екінші жағында шығыстық Оралхан және мен.
— Жазып жатырмыз, жазып жатырмыз.
– Асықпай, бәрін де еске түсіріп жазыңдар, – дейді әділқазы есебіндегі Оразбек Сәрсенбаев пен Ахат Жақсыбаев. Өтірік-шынын араластырып өсімдік атауларын алпыстан асырып, тізімді қазыларға ұсындық.
– Ғажап, – деді Оразбек ағамыз. – Екі жақта тең түсіпті.
Сол кезде Оралхан өзіміз жазған тізбені қайта жұлып алып:
– Кәдірбек-ау, биік жартасқа өсетін ешкімүйіз бен қалың бүргеннің ішінде өсетін сарыалақазды ұмытатын не жөніміз бар? – деп тізімді толықтырды.
Сарыалақаз дейтін басы қанатты құсқа ұқсайтын, тамырында тәтті түйіні бар өсімдікті мен де білетінмін. Ал «ешкімүйіз» дегенді естісем қанеки. «Иә-иә, рас-ау» деп құптап жатырмын.
Не керек, біз оздық. Орекеңе: «Ешкімүйіз» деген өсімдік шынында бар ма?» өзі десем:
– Қазақ ұқсатып ат қойғанға шебер емес пе?! Әншейін озу үшін айта салғаным ғой, әкіри, – деп күледі.
Кейін өсімдіктер туралы кітапты ақтарып отырып, «ешкімүйіз» деген сөзді оқығанда өтірік айтпағанымыз үшін қатты қуандым. Бірақ бұл кезде Орекең жоқ еді.
***
«Қаз етінің сорпасына пісірілген кеспе көже»
Аса беделді ақсақал жазушылардың бірі әдебиеттің келелі мәселелері туралы баяндама жасап тұрып, жас жазушы Оралхан Бөкеевтің дарынды жазушы екеніне тоқтала келіп: «Шырағым, Оралхан, қаз етінің сорпасына пісірілген кеспе көже болмайды, тіпті қаздың етін жездең әкеліп берсе де болмайды, жазушы әр сөзді жазғанда абай болу керек» деуі мұң екен, Орекең: «Кеспе көжені кеспе көже демегенде тары көже дей алмайтын шығармыз» деп отырғандарға естірте айтты да шашын сілкіп тастап, залдан шығып кетті. Бірақ бір-екі ай өткеннен кейін жазушылардың шығармашылық үйінің ауласында оның ағасымен қыдырып жүргенін көрдік.
Бәлкім, қаз етінің сорпасына кеспе көжені пісіруге болатынын ағасына дәлелдеді ме, әлде ағасы өз сынының дұрыстығын түсіндірді ме, ол жағы бізге беймәлім.
(Оралхан Бөкейдің досы, жазушы Кәдірбек Сегізбайұлының «Оралхан айтқан еді» естелігінен)
Оралханның мысы
...Желтоқсанның екінші жартысында университетте М.Әуезов үйірмесінің дәстүрлі әдеби кеші өтті. Бес жүз адамдық мәжіліс залында ине шаншар орын жоқ...
Бір уақытта Бекділда шығып: «Арамызда шашы ұзын шала Шекспир, толмаған Толстой пайда болыпты. Алтай қазақтарының тілі деп, Сәбит Мұқанов айтқандай, қытай қазақтарының тілімен қайдағы бір қияли кейіпкерлерді суреттейді. Бурамен поезды соғып, рельстен шығарғысы келеді. Көнені аңсап, қамшыгерді жазады. Мына дүниеауи құбылыстан хабарсыз көл жағасында жалғыз мекендеген, өзінің абыройын төгіп алғанын сезінбейтін қызды суреттейді. Дафнис пен Хлояны, «Қорғансыздың күнін» жаңғыртқысы келеді...», - деп өрекпи сөйледі.
Ол кезде Бекділданың да бас асауы басылмаған шағы еді. Зал дуылдап кетті.
Шешен мінбеден түсер-түспестен Ор-ағаң орынынан көтерілді. Сұлтанғали Садырбаев ағамыз: «Оралхан! Ораш! Сабыр! Сабыр!», - дегеніне қарамастан сұқ саусағын шошайтқан күйі мінбеге шықты да: «Ұлы Мұхаң - Мұхтар Әуезов: ит қапты деп мен де қапсам, аузымда не қасиет қалады - деген екен. Мен де аузымды былғағым келмейді», - деп мінбеден түсті де, басын шалқайта ұстап қайқая адымдап сыртқа шығып кетті.
Зал үнсіз тынып, Ор-ағаңның соңынан көзімен ұзатып салды. Ол сол мінезімен шешеннің де, кешті жүргізушінің де, тыңдаушылардың да мысын басты.
(Т.Жұртбай. Етбауыр (Оралхан Бөкей) "Түркістан" газеті).
«Сүзеген сөздің» авторы – Оралхан
«Лениншіл жас» газетінде «Сүзеген сөз» дейтін арнайы сатиралық бет болғанын барлығы біледі. Оның жаттықтырушысы – Оспанхан Әубәкіров. Оспанхан Әубәкіров Асқар Тоқмағамбетов, Шона Смаханұлынан кейін қазақ сатирасына келіп, ойып тұрып орын алған адам. Көпшілік «Сүзеген сөзді» Оспанхан Әубәкіров қойды деп айтады. Бірақ, оның қойылу тарихы мүлдем басқа.
Сейдахмет Бердіқұлов – бас редактор. Оралхан Бөкей – әдебиет бөлімінің меңгерушісі. Бірде «Лениншіл жаста» қызу талқылау өтіп жатады. Күн тәртібінде – сатира бетінің атын қалай қойсақ деген тақырып. Бәрі даурығып жатыр. Бір шетте кекжиіп тұрған Оралхан: «Әй, «Сүзеген сөз» деп қоя салмайсыңдар ма?» депті.
Содан бет осылай аталып кетсе керек.
«Менің аузым дуалы…»
«...Оның шығармаларымен 6-класс оқып жүргенде таныстым. Ал өзін 1989-жылы «Жұлдызға» келген кезімде көрдім. Сонда «Ой, кішкентай бала, сені біздің Алтайдан дейді ғой…» деді. Расында, екеуміз де Алтайды тел еміп өскен қазақпыз. Маған Асқар Алтай деп ат қойып берген де Орағаң.
90-жылдардың аяғында шағын репликамның соңындағы Алпысбаев деген фамилиямды сызып, Асқар Алтай деп жариялап жіберіпті. Жұмысқа келіп, Орағаңа: «Мұныңыз не? Атамның атын өшіріп тастапсыз», – дедім ренжіп.
Сонда Орағаң жүзі жарқылдай рақаттана күліп алып: «Өткенде Шығыс Түркістанның тарихы жайлы жазған «Ағажай Алтайдай жер қайда?» деген мақалаң қатты ұнады. Алтайдың арғы беті мен бергі бетін жетік біледі екенсің. Саған Асқар Алтай деген есім жарасады. Қалиханнан бастап бәріміз Алтайдың атын шығарып жүрміз. Жазушыларда үлкен псевдоним болуы керек. Менің аузым дуалы. Айтпады деме, жұртқа осы атпен таныласың», – деді.
Сөйткен Орағамның айтқаны келді. Әдебиетте Асқар Алтай болып танылдым. Әдебиеттегі есімімді көтеріп әкеткен осы ағамыздың шипалы сөзі еді».
Асқар Алтай.
Бектас Г., Рахман Г. Ойдан кетпес Оралханның есімі [Мәтін] / Г. Бектас, Г.Рахман // Айқын. - 2018.- қазан. - Б. 5.