Оралхан Бөкей "Кербұғы" сөздігі

1. Кербұғы бүгін де су ішкен жоқ. Су ішкісі келген, екі ернеуін мұзмоншақ жырымдаған тау бұлағына ерні тисе болды, өне бойы қалтырап, етпетінен түсердей буын-буыны босаңсыған соң, амалсыз кейін шегінеді.  

Кербұғы – поэт. өр, қайсар,ер; кемеңгерлік,еркіндік; тәкаппар.

Кербұғы– ү с т е у. Менсінбей, кеудесін көтере, өзінше. 

Ернеу Өзен, көл, су арналарының, тағы басқа нәрсенің жағасы, жағалауы.  

Мұзмоншақ – екі түбірден біріккен күрделі сөз; жазушының өзіндік сөз қолданысы; мұзды мөлдір су тамшылары.

     Мұз — зат. 1. Аяздың әсерінен қатып қалған су; судың қатты күйі . Пайда болу түрі бойынша атмосфералық мұз (қар, қырау, қиыршық мұз, бұршақ), су мұзы (қабыршақ мұз, қатқан мұз, су ішіндегі мұз) жер асты ...

     Моншақзат. поэт. Судың, көз жасының мөп-мөлдір, доп-домалақ тамшылары.

2. Ындыны кебе   үш рет ұмтылды, үш ретінде де осынау халге душар болып, тартынып кетті (Оралхан Бөкей. Кербұғы).

 Ындыны кепті Қатты шөлдеді, қаталады.

3. Қозықа! (маралдан туған жас төлді қозықа деп атайды) Кербұғыны да енесі ел-жұрт, жан-жануардан ала қашып, қалың қарағанның арасына апарып дүниеге шығарған. Еш тіршілік иесіне көрсетпей, аяқтандырған соң ғана ертіп үйірге қосқан.

Қозықа — з а т. з о о л. Бұғының төлі.

4. Енді қалған қарға адым су ішкілігін өңкей өткенін ойлаумен өткізуге бел байлады білем, үлкенірек байсамырсынды паналай қайта жатты бұйығып... 

Қарға адым  жер – халықтық өлшем. «Өте жақын» деген мағынада. Шығармада «өлшеулі, қысқа, өте аз уақыт» мағынасында жұмсалған.

Самырсын – зат. Ө с. <лат. abies> Өте биік өсетін қылқанжапырақты ағаш; қарағайдың бір түрі.

Байсамырсын «Үлкен самырсын ағаш» мағынасында.

5.Таудың жықпыл-жықпылында жайылып жүрген бұғылардың түс-тұсынан қиқу қаптады да, ағаш-ағаштың арасынан бір-бір құрық ұстаған салт атты адамдар қаптады дерсің.

Жықпыл — зат есім. Ағашы, бұтасы қалың өскен жер; сай, жыра.

6. Оның жанары жаутаңдаған көзінде бүкіл әлем көріністеніп, сол әлемнің ендігі қожасы қатыгез Адам да қол арасын сайлап әзір жүрді; ал сол адамның қомағай қарашығында мүйізден айрылып пұшайман болар Жасбұғы да тулап, тұтқында тұрған екен.

Пұшайман — ир. с ы н. Бейшара, сорлы, мүсәпір, опық жеуші.

7. Тағдырдың бар талқысын жазмыштан ғана көретін аңқау көңіл, ақымақ хайуан бар билік, бар байлық, бар еркіндік тек адамдарда деп білді. 

Жазмыш — зат. 1. діни. ф и л о с. Діни наным бойынша, әуелден белгіленіп қойылатын талай-тағдырдың бұйрығы, тағдыр иесінің жазуы.

8. Осы екпінімен лекітіп етпетінен құлағанша безе беруге бел байлаған, бірақ көп ұзамай, тұмсығы даңғарадай қорғанға тірелді.

Лекіт—  е т. 1. Екпіндеу, жүйтку. 2. Үдету.

       Даңғарадай  — (Сем., Абай) үлкен, кең, зор.

8. Маусымның дәл ортасында арадай анталайтын адамдар да, күйек басталса алды-артын орай ырбаң қағатын маралдар да, кеше ғана алып таудың қасат қарын бұған бұздырып, өздері соңынан еретін дос-жаран бұғылар да зым-зия; қолдан қуат, бойдан дәрмен кетіп, бақ тайған соң, жалт берісті. Бәрі де опасыз жалған тірлік екен-ау. Кеше ғана хан көтеріп жүрген ардақ аға майып болып қалғанда қол ұшын берген ешкім жоқ.

Күйекұсақ малдардың көбею, өсіп-өну үрдісіне қатысты қолданылатын ұғым.

Қасат  — сын. Тығыздалған, қатып қалған, қатқыл (қар).

Майып — [ар. معيوب ]: майып болды. Мертікті, кемтар болды, зақым көрді.

9. Неге болмасын зауықсыз Кербұғының даңғырап бос қалған кеудесіне бірсін-бірсін запыран толды.

Зауықсыз – сын есім. Ықылассыз, ынтасыз, көңілсіз, ниетсіз.

10. Кербұғы самырсынның астынан шығып, зеңіген маңдайын шуаққа төседі, сонсоң аса қинала ышқынып еді, даусы қырылдап, өзгеше қорқынышты әрі келте қайрылды.

Зеңі – етістік. Басы айналып, мең-зең күйде болу, мәңгіру.

11. Өзімен қоса үні де келмеске кете бастаған Кербұғы сонау сары жағал таудың ар жағындағы ұшпа басы аппақ қар теңдеп, мұнартқан шоқыға қарады. Сол шоқы мұның қозықа шағында тым биік болып елестесе, есейе келе аласарып кеткендей еді; енді міне тағы да заңғар тартып аспандап тұр.

Жағал – сын. Жақ, мойын жүні солғын ғана, жолақ-жолақ боп келетін қошқыл сары түс.

12. Ал Кербұғы зәузатының о бастағы мекені Ақшоқының етегінде екенін білмеуші еді. 

Зәузат — зат. парсы. әулет, үрім-бұтақ. Қазақ тілінде «аңдар мен жануарлардың үйірі», «генетика» деген ауыспалы мағыналарда да кездеседі.

13. Емін-еркін уаз кешкен бұғы-маралдар құрықты қолды білмей, табиғат сыйға тартқан жас құрақ, жасыл жайлау төсінде шөптің сонысын, судың тазасын тандап, бір қиырдан бір қиырға, көңіл шіркін қалаған жаққа жосып, мамырдың барқыт түніне оранып, қаперсіз жусайтын.

Уаз кешті – Мəз болды, сүйсінді.

Барқыт түн – Жанға жайлы самалы бар, қою қара түн.

Жусау / Жусату — отқа тойынған төрт түлік малдың бір мезет тыныстап демалуы.

14. Иә, бұғыларды байырғы жұрт туған жерінен айырып, мынау аядай өңірге алып келген Адамдар бұл елдің етене түлігі - жылқылардың обалына қалған.

Обалына қалған – Жазықсыз жапа шектірді, қиянат жасады; көз жасына қалды.

15. Сол жақта тек сол Ақшоқының етегінде еркін де елегізусіз тотай өмір барға ұқсайды (өзіндік қолданыс).

Тотай – сын. Еркін өскен, бұла, шолжың.

 

16. Кербұғы көзінен от шашып, шегіншектеп барып бар қуатымен алға атылды, жаңбырдың суына иі қанып былпылдаған жерге артқы қос тұяқтың ізін оя тастады да, зу етіп, биік қорғаннан асыпақ түсті.

Иі қанды — әбден жұмсарды.

17. Оқ иелерінің кімдер екені де белгісіз. Кербұғы сол көк ала діңгектің түбінде, дүбәра алаңда қалды.

Дүбәра — «әрі-сәрі, екіұшты», «есі шығу, әңкі-тәңкі болу».

 

Әдебиет:

1. https://bokey.kz/index.php/ru/

Бөкей О. Таңдамалы шығармалары. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2013. – 1032 бет.

2.https://sozdikqor.kz/search?q=%D0%9A%D0%B5%D1%80%D0%B1%D2%B1%D2%93%D1%8B