Оралхан Бөкей "Ардақ" сөздігі

Ардақ – құрмет, қадір.

1. Өлі-тірінің не екенін парықтауға жетпеген сәби, жаңа ғана ұйқтап жатқан әжесінің, анау топырақтың астында көміліп қалғанын байыптай алмай аң-таң.

Парықтау – Ақылға салу, толғану.

2. Шарықтыбұлақтың Марқакөлге құяр айлағында сыңарын атып тастаған сарала қаздай болып, жалғыз ғана қараша үй отыр. Үй жалғыз болса да, өріске маңғыстап шығатын малдың қарасы мол. 

Айлақ – зат. жерг. өзен, көл, теңіз жағалауындағы шығанақ, бұғаз, қойнау.

Маңғыстау –  ет. маңыстау, өрістеу; маң-маң басу, мамырлау, баппен қимылдау.

3. Туырлықтай жерге таласып, туысынан ат құйрығын кесіскендер тек ағайынның ғана жан жарасы ма, иісі қалың жұрттың басын ондырмай торлаған айықпас бұлты ғой. Қожа шал құйрық-жалсыз емес еді.

Ат құйрығын кесті – Қайта көрместей болып, қарым-қатынасын үзді.

Құйрық-жалсыз емес сүйеніш, тірек, аға-іні; ұрпақсыз емес.

4.Жиырма беске толғанда Есіркеген қайтыс болды да, жамағайындары Шалабай мен Далабай:«Есіркеген саған әке болса, бізге аға» деп, еншіні қылдай ғып бөлісіп алған да, сырғақсып кеткен еді.

Жамағайын – зат. Туыстық жағынан онша жақын емес, алыс ағайын, аталас ағайын-жұрт.

5. Інісі арғы ауылдан біреудің бүлдіршіндей жас қызын алып, ұлы жіңгір той жасап жатқанда: «Өзі болған қыз төркінін танымас» деп, бізбен ақылдаспай қатын алып отыр ғой.

Ұлы жіңгір той – Көп адам қатысқан ұлан асыр той-думан, жиын.

6. Жайымен жатса тағы бір сәрі: «Қожа тоқты сойып, Есіркегеннің сүйегіне таңба етті»,  десіп, ғайбаттасыпты.

Сүйегіне таңба етті – намысқа тиді, ұятқа қалдырды.

7. Шалабай мен Далабайдың жат бауыр, қайырымы жоқ қатыгез болып өсуі Қожаның шешесі Қадишаның көңіліне сынық түсіріп, ақ сүтін тел еміп өспесе де, қайындарының айында-жылында: «Жеңеше, аман отырмысың?»  деп сәлем бермеуі арқасын аяздай қаритын.

Ақ сүтін тел еміп өспеді – Бірге, тел өспеді, балалығы бірге өтпеді.

8. «Шалдан қалған дүние тең бөлінген жоқ, кемпір өз ұлы болған соң, Қожаға екі тұсақты бізден жасырып берді, қазір бес қойы артық болып отырса, ол  сол тұсақтан өрген тұқым»,  деп, Шалабай мен Далабай тапа-тал түсте қозылы қойын айдаттырып алған.

Тұсақ – зат. Бір жас пен екі жас арасындағы ұрғашы қой.

9. Ағайынмен алысқанша, алысқа кетіп абыройынды сақтағаның жөн, балам. Ырылдаса беруге аналардың жүзі шыдап, қарабет бола берсін, сенің инабатың бар еді ғой. Ел-жұрттан ұят-ты.

Инабат – [ар.] зат е с і м. Адамгершілікке тән сезім, ізгі қасиет; әдеп, өнегелі ізет, ілтипат.

10. Марқұм әкең көксей беретін жері бар еді-ау, анау Шарықтыбұлақтың Марқакөлге құяр сағасында иен жатқан алаңқай бар, ауылдан безіп ауа көшіп кеткендердің алды-арты біз емеспіз, үйді жығып, ертең таң құлан иектене аттанып кетейік сонда.

Таң құлан иектене   Таң бозарып, атып келе жатқан кезде.

11. Не көрсетті, қандай ұшпаққа шығарды... Құлқу Алланы үш қайырып ақиретсіз аттанған ананы жарылқаған.

 Ұшпаққа шығарды – Жарылқады, бақытқа жеткізді.

Құлқу Алланы – (араб) айт: ол Алла; Ықылас сүресі.

Ақиретсіз кебінсіз.

12. Аспаннан былғары жауса, құлға оқшантайлық тимейтіннің кері болды, қатын, дейді Қожа кәдімгідей кейісті түрде. Жалғыз қызымыздың сақау болуы санымызды талай соқтырар әлі.

Оқшантайлық – сын. Оқшантай жасауға жарарлық, оқшантай боларлық.

13. Әкеңнің... аға болмады, қасқыр болды ғой Шалабай мен Далабай. Қожаның қызы сақау деп, алты алашқа сауын айтып адақтап шығыпты.

Сауын айту хабар айту, хабарлау.

14. Ондайда еруліге қарулы боп, шалының ырқына жығылмаса, құлағынан маза кетпейтінін білетін әйелі:

Ақырын, Ардақты оятасың, деп, қайтадан үнсіз қалатын.

Еруліге қарулы боп – фразалық тіркес. Ісіне қарай істеу, соған іспен жауап беру, есесін қайтару.

15. Бұлдырап, мұнартқан қапсағай таудан өзге еш нәрсе шола алмай мысы құрып, зәрезап күйде қайтып оралушы еді үйіне.

Қапсағай – зат.(1) Аңғар * Таудың қапсағайы. (2) Қапсиған, еңсегей, зор.

16. Екеуі де мынау тар да тайғақ жолда әлі де сан рет бетпе-бет келетінін, мына қылықтары қара қазан, сары қарын баланың қамы, ел сауғасы емес, өздері сезіп-сезіктеніп, зерделеген сап бағамдап көрмеген жалған намыс пен жарға жығар кекшілдіктің итаршылдығы екенін, бастарына іс түсіп, тағдыр гүрзісі төнгенде ғана, аһ ұрып, жұртта қалған күшікше ұлитындарын болжамады.

Cауғасы – зат. этн. cоғыстан түскен олжадан не аулаған аңнан берілетін сый.

Итаршылдығы – жарамсақтану, жағымпаздану.

Гүрзі – ауыр шоқпар түрі.

Тағдыр [ар.] зат.1.діни. Құдіреттің жазуы, жазмыш; адам өміріндегі барлық оқиғалардың алдын ала белгіленуін білдіретін діни ұғым.

17. Шал мен кемпір әрі-бері кермалдасып алып, қор ете түскен.

Кермалдасу  егесу, шекісу; қатты сөзге келу.

Ай астында ағарып отырған он жеті жасар қыздың қақтаған ақ күмістей сұңғақ та сұлу бітімі ертеректе ғана болатын су перісіне ұқсайды.

Сұңғақ — сын. Ұзын бойлы.

Су перісі — миф. Басы, кеудесі қызға, ал аяғы балық құйрығына ұқсас мифологиялық бейне.

18. Жауқазыны қарды жарып та шыға беретін тау бөктерінің былтырғыдан қалған күреңсесі күлтеленіп, каулай тебіндеп келе жатқан көкпен араласып, алашабырланып жатыр.

Күреңсе — зат. <лат. beckmannia> Астық тұқымдасы, бекмания туысына жататын саздау жерге шығатын шабындық шөптесін өсімдік.

Күлте – Тостағанша жапырақшалардан кейін орналасады, негізінен әртүрлі қанық түсті жапырақшалардан тұрады. Саны біреуден бірнешеуге дейін жетеді.

19.Сымпылдай ұшып келген бір топ шүрегей Марқакөлдің айдынын төсімен тілгілей қонды да, мамырлап жүзе жөнелді.

Шүрегей – жабайы үйректің тұрқы 35 см-дей, салмағы 200-400 г-дай ең кішкене түрі.

Мамырла — ет. баяу қозғалып, жай басу.

20. Үміт деген ол да бір қыл арқан: алға баян-бағасы болымсыз шаңдақ дүниеге байлап-матап апарады да, қылша мойнын талша болдырып тұрган сәтінде жігер-қайратыңа тұзақ болып оралады.

Кемпір, деді Қожа, мосы асып жүрген әйеліне.

Шаңдақ – шаңы шыққан, шаңы мол, тозаңы мол.

Мосы – зат.этн. Iлгекке ыдыс іліп, шай қайнататын, ас пісіретін үш тағанды темір құрал.

21. Отыздың ар жақ, бер жағындағы қутың қаққан сақа жігіт.

Қутың қақты – қулана күлімдеді, қу нәпсімен телмеңдей жымиды, қуланды.

Сақа – сын. ысылған, көпті көрген, тәсілқой.

22. Ай қорғалапты. Қараңғы.

 

Қорғалау – айдың 15 жаңасынан кейінгі кешке кешігіп тууы.

 

23. Көлден ескен қоңылтақ самал бар.

 

Самал – жанға жайлы қоңыр салқын жел.

Қоңылтақ – жадағай.

 

Әдебиет:

1. https://bokey.kz/index.php/ru/

Бөкей О. Таңдамалы шығармалары. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2013. – 1032 бет.

2.https://sozdikqor.kz/search?q=%D0%9A%D0%B5%D1%80%D0%B1%D2%B1%D2%93%D1%8B